#Денис Тен

Дени́с Ю́рьевич Тен (13 маусым 1993, Алматы — 19 шілде 2018, Алматы) — қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, жеке сыныпта өнер көрсеткен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола медаль иегері. 2013 жылғы мәнерлеп сырғанау чемпионатының күміс медаль жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола медаль жүлдегері, 2015 жылғы төрт континент чемпионатының жеңімпазы, VII қысқы Азия ойындарының чемпионы, ISU-ның ұйымдастыруымен өтетін әртүрлі халықаралық турнирлердің көп дүркін жеңімпазы, Қазақстан чемпионатының бес дүркін чемпионы.

Денис Тен өзінің бағдарламаларын ерекше қойғаны үшін танымал, атап айтқанда, еркін бағдарлама қысқа бағдарламаның жалғасы ретінде орындалатын. Сарапшылар қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының коньки тебуде жоғары деңгейде меңгергенін атап өтеді. Теннің айтуынша, ол жетекші мәнерлеп сырғанаушылардың ең жақсы тұстарын біріктіруге тырысты, бірақ өз ерекшелігін жоғалтпай сақтауға ұмтылды. Спортшы мансабы барысында ресейлік және Солтүстік Америка жаттықтырушыларымен жұмыс істеді, сондай-ақ бағдарламаларын жасау үшін швейцариялық Стефан Ламбьельмен ынтымақтастықта болды.

Тен мәнерлеп сырғанауға 1999 жылы бастады. 2008 жылы жасөспірімдер арасында Гран-придің кезеңінде жеңіске жетіп, ИСУ турнирінде медаль алған бірінші қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы болды. 16 жасында Тен 2010 жылғы Олимпиада ойындарына Қазақстанның атынан қатысып, ерлер арасындағы бәсекеде ең жас қатысушы болды. 2013 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионатында медаль ұтып алды. Келесі жылы Тен тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарында медаль алған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы болды. 2015 жылы ол төрт континент чемпионатында алтын медаль жеңіп, ИСУ чемпионатында бірінші болып жеңіске жетті

Қайырымдылық шараларына қатысты. 2013 жылдан бастап «Денис Тен және достар» мұз шоуын ұйымдастырды, онда әлемдік мәнерлеп сырғанаушы жұлдыздары өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардың ресми деректеріне сәйкес, жыл сайын мұз шоуына 500-ден астам турист шетелден (негізінен Жапониядан) келеді. Өзінің жетістіктері мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін көптеген марапаттарға, соның ішінде мемлекеттік наградаларға ие болды.

Денис Тен 2018 жылғы 19 шілдеде Алматыда қарақшылардың шабуылы салдарынан қайтыс болды. Оның құрметіне Алматыда ескерткіш орнатылып, турнир оның атымен аталды.

Ашу arrow icon

Кері қоңырау тапсырыс беру