#Әуежай
Әуежай – әуе көлігі құралдарымен тұрақты түрде жолаушыларды, жүк пен пошта тасымалдауды қамтамасыз етуге арналған кәсіпорын. Жабдықталу және тасымалдау дәрежесіне қарай халықаралық және жергілікті аэропорттар болып ажыратылады. Аэропорттың орнын таңдағанда оның қалаға қатынауға ыңғайлы болуы, қалада шуды көбейтпеу мақсатында едәуір қашықтыққа орналастыру, грунттық және гидрогеологиялық шарттардың орындалуы, аэропорт жанында биік кедергілердің болмауы, т.б. ескеріледі.
Аэропорттың негізгі бөлігі – аэродром. Онда ұшақ ұшатын және қонатын жолақты жолдар, бағдарлану жолы, ұшақ тұратын орындар, т.б. болады. Ірі аэропорттардың аумағы мыңдаған гектарға жетеді және оларда бір мезетте бірнеше ұшақ қонып және ұшып жатады. Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында аэропорт бар. Алматы аэропортында тәулігіне, орташа есеппен 4 мың (жаз айларында 6,5 мыңға дейін) жолаушыға қызмет көрсетіледі.