ҚазАқпарат
1920 жылы 13 тамызда РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі болып тұңғыш қазақ ақпарат агенттігі құрылды.
1925 жылы – агенттік атауы ҚазРОСТ деп өзгертілді.
1937 жылы – Агенттік ҚазТАГ атауымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне берілді.
1992 жылы — ҚазТАГ Министрлер Кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінен Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттігі болып қайта құрылды.
1997 жылы 10 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттігі (ҚазТАГ) туралы» № 3629 Жарлығымен ҚазТАГ жойылды. 30 қазанда Үкіметтің қаулысымен «Қазақ ақпарат агенттігі» республикалық қазыналық кәсіпорны құрылды, кейін «Қазақ ақпарат агенттігі» (ҚазААГ) болып өзгертілді.
2002 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ базасында «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» — «Қазақпарат» ҰК» АҚ құрылды.
2004 жылы – агенттіктің қазақ тіліндегі параллель атауы «ҚазАқпарат» (KazAkparat) қолданыла бастады.
2008 жылы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 3 шілдедегі № 668 қаулысына сәйкес «Қазақ ақпарат агенттігі «Ұлттық компаниясы» АҚ «Арна Медиа» Ұлттық ақпарат холдингі» АҚ құрамына кірді.
2010 жылы – ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 5 мамырдағы № 378 қаулысымен «Арна Медиа» Ұлттық ақпарат холдингі» АҚ таратылды, ал холдингке кіретін компаниялар, оның ішінде «ҚазАқпарат» ҚР Байланыс және ақпарат министрлігіне берілді.
2012 жылы – Қазақстан байланыс және ақпарат министрлігі таратылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы № 887 қаулысымен «Қазақ ақпарат агенттігі Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамына қосу жолымен қайта құрылды.
2013 жылы – агенттік «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде қайта құрылды.
2019 жылы – «Мемлекеттік мүліктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 631 қаулысымен «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі» ЖШС құрамына «Қазконтент» АҚ қосылып «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
2022 жылы – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені коммерциялық емес акционерлік қоғамына қосылу арқылы қайта құрылды.
2023 жылы – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ "Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені" ШЖҚ РМК қоғамына қосылу арқылы қайта құрылды.