Демалыс күнгі турларға қызығушылық артып келеді
«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі соңғы жылдары туристерді көп тартып жүр. Ұлттық компанияның мәліметі бойынша, саябақ ландшафтымен, тарихымен, жануарлар және өсімдіктер әлемімен ерекшеленеді. Сондай-ақ мұнда тарихи ескерткіштер де бар: жартастағы петроглифтер, қорғандар және даладағы тас мүсін кейпіндегі – балбал тастар. Сонымен қатар туристер гранит жартастары мен орман арасында орналасқан Жаушоқы тауына бара алады.
«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2011 жылғы 11 наурызда құрылды. Ұлттық парктің жалпы ауданы 88 968 гектар. «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген солтүстікқазақстандық тау қойы бар. Паркте сүтқоректілердің 55 түрі, құстардың 160 түрі мекендейді. Өсімдіктердің 610 түрі өседі, олардың ішінде – үлпілдек жанаргүл, Еділ жанаргүлі, қызғалдақтың сирек түрі, қарғакөз, түкті селеу, қырғыз қайыңы және ашық кестежусан Қазақстанның Қызыл кітабына енген.