Мұхтар Әуезов - фото 1

Мұхтар Әуезов

21 маусым 2024

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897, 28 қыркүйек – 1961, 27 маусым) - қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒАның академигі (1946), Қазақ КСРнің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).


Мұхтар Омарханұлы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей өңірінде, қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде дүниеге келген. 4 жасынан бастап әжесі Мұхтарға Абай өлеңдерін жаттатады. 1903 жылы алты жасар Мұхтар Абай ауылына барып, ақынмен кездеседі.

1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.

1915 жылы училищені аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылғы маусымда Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.