Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Франция Президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макронды Ақордада күтіп алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауыл сап түзеп, оның бастығы Мемлекеттер басшыларына баянат берді. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің әнұранын орындады.Одан әрі Эмманюэль Макрон мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, ілтипатын білдірді. Бұдан кейін қос Президент Құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Франция Президенті Құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қ.Тоқаевпен шағын құрамдағы кездесуге өтті.