Шымкенттік мүсіншінің «Тұтылу» туындысы Санкт-Петербургте «Эрарта» сыйлығына лайық танылды - фото 1

Шымкенттік мүсіншінің «Тұтылу» туындысы Санкт-Петербургте «Эрарта» сыйлығына лайық танылды

13 қыр. 2023

Шымкенттік мүсінші Тамерлан Тамерлан Тілес «Тұтылу» атты жаңа туындыны жасап шықты. Адамның көзі бейнесінде жасалған жұмысқа бағалы асыл тастар мен сирек кездесетін металдар қолданылған. Мүсінші олардың баршасын әлемнің бірнеше елінен тасымалдаған.
Мәселен, паннода көздің қарашығы космос кейпінде суреттелген. Ал ортасында адам тұлғасындағы кішкентай бейнелер бар. Тоқтаусыз айналып жүреді. Олар бронза мен диджитал арттан жасалған. Мадагаскарлық лабрадорит деген жартылай асыл тас туындының фонында тұр. Оны Италиядан алып келіпті. Хрустальдан жасалған бүркіт Ресейден жеткізілген. Мамонт тісінен жасалған космонавтың материалы Якутия мемлекетіне тиеселі.
Жалпы, панноның салмағы – шамамен 200 келі. Ал, ұзындығы – 3,5 метр болса, ені – 1 метр. Әлемдік анимациялық мүсіншілер мен суретшілер панноның құрылымын Санкт-Петербург қаласында жинаған. Ал, негізгі бөлшектері Италия, Ресей, Қазақстанда жасалыпты. Еңбекте қазақ космогониясы туралы түсініктер мен ұлттық дүниетаным ерекшеліктері бейнеленгенін көруге болады. Сондай-ақ, мүсінші ұлттық тарих пен дін, діл ежелгі қолөнер дәстүрлері тақырыптарына жүгінген.
«Жалпы, «Тұтылу» туындысы визуалды қабылдаудан жұмбаққа айналған әлемді көруге шақырады. Көз бейнесінде алуымның басты себебі – қазіргі кезде адамзаттың екі көзі бола тұра, заттардың пішіні мен сыртқы сұлбаларына назар аударуды әдетке айналдырып, олардың терең мазмұнын көруден қалды. Сондықтан, панно көрерменді ғаламның пайда болу бастамасына жетелейді. Алдымен, оның көзқарасын айқындап, сонан соң өз жолын анықтауға мүмкіндік береді. Жарық әлемге келу бар және жұмбақ тұңғиықтың қараңғылығына бет алу бар. Шығарма жалпы адамзаттың өмірін көрсетеді», - дейді мүсінші.