Аюлы сарқырамасы – туристерге арналған танымал орындардың бірі
01 қыр. 2023
Алматы облысындағы Түрген шатқалында орналасқан Аюлы сарқырамасы туристер мен тауға шыққанды жақсы көретін тұрғындар ең көп баратын орындарының бірі. Алматылықтардың көпшілігі демалыс күндерін осында өткізеді, әсем табиғатты аясында таза ауада демалуға отбасымен келеді. Аюлы сарқырамасы Іле Алатауы ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Сапар орталығы Алматыдан 80 шақырым жерде. Осы жерден Аюлы сарқырамасына жаяу баруға болады. Ұзындығы 1,3 шақырым жол барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді әлеуметтік, туристік бағыт болып саналады. Сарқырама теңіз деңгейінен 1520 метр биіктікте орналасқан. Оның биіктігі – шамамен 30 метр. Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сәйкес, бұл жердің Аюлы сарқырамасы деп аталуының себебі мұнда аюлар топтасып тіршілік етеді. Жаңа сапар орталығының қызметкерлері мен еріктілері Түрген шатқалында бірнеше сарқырама бар екенін, бірақ олардың арасында ең танымалы Аюлы сарқырамасы екенін атап өтті. Бұл жерге жақын маңдағы қала тұрғындары ғана емес, сонымен қатар шетелдік туристер де келеді. Мұнда тек жазда емес, қыста да келетіндер қатары көп.